Халық батыры И.Тайманұлы 1791 жылы қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсойған құмындағы "Тайман жалы" деген жерде дүниеге келген. Исатайдың анасы Есентемір руының Тағашы бөлімінен. И.Тайманұлының төртінші атасы Ағатайдың (Тайман-Бегәлінің -Боқай-Ағатай) есімі қалмақтарға қарсы соғыста көрсеткен ерлігі үшін Беріш руының ұранына айналған Исатайдың жастық шағында оған ықпал жасап, қамқорлық еткен әкесі, Тайманның інісі - Жабал Бегәліұлы. 1808 жылы Жабал бастаған Бегәлі ауылы Бақсай бекінісі тұсынан Жайықтан өтіп, Бөкей ханның қарауына кіреді. Хан орысша сауатты, саясаттан хабары бар, халық алдында беделді Жабалды Беріш аулына старшина етіп қояды. Жабал қайтыс болғаннан кейін, оның орнына старшина етіп И.Тайманұлын қоюды сұрап, хан Бөкей 1812 жылы 12 наурызда Орынбордағы Шекара коммссиясына ұсыныс жасайды. Шекара комиссиясы 1813 жылғы қараша айында Бөкей ханның ұсынысын қуаттап, құжаттарды әскери губернаторға жібереді. Генерал губернатор Г.С.Волконский 1814 жылы 12-қарашада Исатайды старшиналыққа бекіту туралы құжатқа қол қояды.
Батылдық батырлықтың сауыты.
Батыл жігіт жол бастар,
Ақын жігіт той бастар.
Батыр аңғырт, бай саңғырт.
Батыр бастас, бай қоныстас.
Батыр болатын бала ерге үйір,
Қызтеке бала зерге үйір.
Батыр болған ханға қас,
Мерген болған аңға қас.
Батыр болсаң жауды қайтар,
Шаруа болсаң малды қайтар,
Шешен болсаң дауды қайтар.
Батыр бір оқтық,
Бай бір жұттық.
Батырға да жан керек,
Пақырға да жан керек.
Батырға оқ дарымайды,
Батылға жау жоламайды.
Батырға таяқ та жарақ.
Батырдан барымташы туар даңғой (Абай).
Батырдан сауға, мергеннен сыралғы.
Батырдан хат — достарға қуат.
Батыр деме батырды шеп құрған дауға батпаса.
Төре деме төрені ел тілегін таппаса (Дулат).
Батырды бәрекелді өлтіреді.
Батырды жауда,
Шешенді дауда сына.
Батырдың атын жау шығарады,
Шешеннің атын дау шығарады.
Батырдың бір ісі тентек,
Қорқақтың екі ісі тентек.
Батырдың да басы екеу емес.
Батырдың көзі өмірге түседі,
Қорқақтың көзі өлімге түседі.
Батырдың өмірі қысқа.
Батыр елдің ажары,
Бал құрақ көлдің ажары.
Батыр елінде, балық көлінде.
Батыр жарасыз болмас.
Батыр жарқырап жүреді,
Қорқақ қалтырап жүреді.
Батыр қол бастар,
Көсем жол бастар,
Шешен сөз бастар.
Батырлығың не керек, байсалдылық болмаса.
Ақындығың не керек айтарлығың болмаса.
Батырлықтың белгісі
жауға шапқан ұрандап.
Балуандықтың белгісі
алқаға түсіп сыбанбақ.
Батыр мақтанса
жауға шапқанын айтар.
Қу мақтанса
алдап қаққанын айтар.
"Батырмын" деп кім айтпас, барарға жүрек шыдамас (Ақтамберді).