1.Мәтіндерге салыстырмалы анализ жасаңыз «А» нұсқасы
Мен ескіше жыл басы деп есептелетін «Наурыз күні» киіз үйде туыппын. Қазақ даласының ең суық жағын жайлайтын біздің елдердің бірсыпырасы ХХ ғасырдың бас кезінде де қыс айларын киіз үйде өткізеді екен.
Ол күні жер сілкінбеген, күн түгіл ай да тұтылмаған, есте қаларлық боран да болмаған, ең аяғы қалжа сүйегіне иттер де таласа алмаған. Менсіз де үбірлі-шүбірлі бір қора үйде тағы бір бала туа салған да, басқа балалардың атына ұйқастыра ат берілген.
Әрине, ол күннен менің есімде қалған еш нәрсе жоқ. Болысым кім, патшам кім... табым кім, онда менің жұмысым болмауы керек. Кейін ондайды ұнатпасам да, ол кезде тістеген мен шаққанға да енжар болған сияқтымын, жылауық болмаппын.
«Б» нұсқасы
Мен, Сұлтанова Әлия Айханқызы, 1964 жылы 20 сәуірде Талдықорған облысы Ақсу ауданының Қызылтаң ауылында тудым. Ұлтым – қазақ. Әкем – Сұлтанов Айхан, орта мектепте мұғалім, шешем – Омарова Гүлсім, ауылдық ауруханада дәрігер.
1981 жылы Ақсу ауданы І.Жансүгіров атындағы орта мектепті бітіріп, Қыздар педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түстім. 1986 жылы үздік бітіріп, қазақ тілі мамандығы бойынша аспирантураға қабылдандым. 1989 жылы оқытушылық қызметке аталған институтқа қалдырылдым.
1995 жылы «Шырай категориясы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғадым.
Тұрмыстамын, жолдасым – Омаров Серік Бекұлы, 1961 жылы туған, «Алматықұрылыс» акционерлік бірлестігінде бөлім меңгерушісі. Ұлым – Омаров Нұрлан Серікұлы, 1992 жылы туған, №34 гимназия оқушысы.
Мекенжайым:
Алматы қаласы, Манас көшесі, 21 үй, 2 пәтер. Үй тел: 2-40-41-47
Наурыз - барша мұсылман әлемі тойлайтын ұлы мереке, Ұлыстың ұлы күні, жыл басы. Бұл күні күн мен түн теңеледі, Самаркандтың көк тасы жібиді. Осы күннен бастап күн жылына бастайды және күн ұзарып, ал түн болса, керісінше қысқара бастайды.
Ертеректе бұл мерекені бүкіл ауыл болып дайындалып, үлкен той қылып тойлайтын болған. Қазірдің өзінде Наурыз мейрамының орны ерекше. Бұл күні қаланың бас көшелеріне қазақ халқының дәстүрлі киіз үйлері тігіледі. Алаңда барша халық жиналып, Наурыз жайлы қойылымды тамашалайды.
Ұлттық тағам ет асылып, бауырсақ пен шелпек пісіріледі. Бірақ бұл күні ең басты тағам Наурыз көже болып саналады. Ол - жеті түрлі тағамнан дайындалатын көже. Киіз үйге келуші әрбір қонақ әдетте Наурыз көжеден ауыз тиеді.
Мерекелік дастарқанға түрлі ұлттық тағамдар қоюға болады. Мысалы, сүт тағамдарынан қымыз, қымыран, байқаймақ, шыртылдақ, кілегей, қаймақ, құрт, сүзбе, уыз, ірімшік, іркіт т.б. сияқты тағамдар дастарқанға қойылады.
Сонымен қатар ұннан әзірленетін ұлттық тағамдар шелпек пен бауырсақ пісіріп, таба нан, салма, қаттама әзірлеуге болады.
Ал дәнді дақылдардан талқан, жент, тары, бидай көже, майсөк, бөкпе болса, дастарқанға қоюға болады.
Биылғы жылғы қызық оқиғалар
Биыл жазғы демалыс басталысымен мен ауылға кеткен болатынмын. Ондағы достарыммен талай қызықты бастан кештік. Солардың біреуін айта кетейін.
Күндердің бірінде біздің үйдің қой кезегі келіп, мені атам мен әжем қой бағуға жібереді. Мен жаныма досымды ертіп, біріміз атқа мініп, біріміз есекке мініп, бір отар қойды айдап кеттік. Жарты күн өтіп, түскі тамақты ішіп алған соң, досымның ұйқысы келіп, маған «кезектесіп ұйықтайық» деп, өзі жатып қалды. Мен біраз табиғатты тамашалап, қойларды бақылап отырғанымда қалай ұйықтап кеткенімді де білмеймін. Бір кезде оянсам, отар қойымыздың біреуі де жоқ. Досымды оятып, екеуміз не істерімізді білмей, әбден састық. Амал жоқ, ауылға қайта келуге тура келді. Не деп айтарымызды да білмейміз. Бір ауылдың қойы із түзсіз жоқ. «Енді қайттік?» деп еңсеміз түсіп келе жатқанда көрші үйдің қорасының алдында тұрған қойды көрдік. Не қуанарымызды, не жыларымызды білмей, қораға жақындап келсек, әлгі үйдің қойлары түгел орнында. Досым екеуміз аң - таңбыз. Бұл сонда қалай болғаны? Қойлардың өздері қайтып кетуі мүмкін емес. Сөйтсек, ауылда қалған достарымыз келісіп, осылай әзілдеспек болған екен! Мұны естігенде, әрине, алдымен достарымызға біраз ренжідік. Бірақ уақыт өте келе, бұл әзіл есте қаларлықтай оқиға болды.