Алматының ресми тарихы 1854 жылдан басталады. Алматы өзенінің жағасында салынған бекініс көп ұзамай Верный деген атқа ие болған. Алайда ХVІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген мемлекет қайраткері, ақын Захириддин Мұхаммед Бабырдың шығармасында болашақ Алматының орнында Алмату атты ортағасырлық қала болғаны айтылады. «Үлкен Алматы» аймағын адамдар ерте кезден-ақ игерген. Х-ІХ ғасырларда мұнда отырықшы мекендер болған, олардың тұрғындары егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысқан. Қаланың сол жақ шетіндегі шағын мекенжайдан табылған қыш ыдыстардың Ферғанадан табылған ыдыстарға ұқсас болуы осы екі аймақ арасында қола дәуірінің өзінде мәдени байланыс болғанын дәлелдейді. Бұл байланыс кейініректе сақтар дәуірінде де жалғаса түсті. Ол кездерден «сақ патшалары» әулетінің аумақты оба-қорғандары бар. Қазіргі Алматының шығыс жағында үш қорғаннан тұратын бір топ ескерткіш сақталған. Есік қорғанынан табылған материалдар сақтартың белгілі адамдарын алтын киімдерімен, қару-жарақтарымен, асыл тастарымен қоса жерлегенін дәлелдейді. Ғұрыптық ескерткіштердің қатарына құрбандық сәкісі жатады. Соның ішінде Верный қаласының маңынан табылған, В.С.Стрельцов жариялаған «жетісулық алтарь» деп аталатын ескерткіш әйгілі болған. Ол – төрт сирақты аласа үстел. Үстелдің бет тақтайының ернеуіне қанатты барыстың 25 мүсіні салыныпты. Тағы да осындай құрбандық сәкісі Алматыда, ашылып қалған қорғаннан табылды. Ол төрт бұрышты, конус түріндегі тұғыры бар үстел. Төрт бұрышында қанатты барыс, табанының жиектеріне жеті жолбарыстың мүсіні салынған, ал ортасында екі түйенің бейнесі бар. Сақтардың өзгеше бір храмдары мен қасиетті орындарының бөлшектері, көпке белгілі «Қарғалы диадемасы» Алматы маңындағы көшпелілердің идеологиясы жөнінде білуге көп мүмкіндік туғызады. Алматы-І қаласының орны қаланың оңтүстігіндегі «Горный гигант» колхозының жерінде орналасқан. Қала екі қатпардан тұрады, терең орлардың ішіне салынған, бұл оның қорғаныс қабілетін арттыра түскен. Жалпы топографиялық белгілеріне қарағанда, оның ІХ-ХІІІ ғасырларға жататыны анықталған. Алматы-ІІ қаласының орны Кіші Алматы өзенінің бойында, қазіргі шекара училищесі тұрған жерде болатын. Құрылыс жұмыстары кезінде бұл арадан орта ғасырлық ұстахана, дайын бұйымдар, кетпен, соқаның тісі, темір қазанның бүйірі табылған. Осы жерден балқыған металл құятын шөміш пен су құятын екі құмыра да шықты. Есентай (Весновка) қаласы Алматыдағы Ботаника бағының шеңберінде, Ремизовка мекені Әл-Фараби көшесінің жоғары жағында, Тереңқора қаласының орны Алматының солтүстігіндегі «Заря Востока» поселкасының жерінде жатыр. Сонымен, археологиялық олжалар Алматының тарихын едәуір ұзартып, оны Шығыстың көне қалаларының қатарына қояды.
Табиғаттың әрбір маусымы ерекше болатыны сөзсіз. Әр маусымның өзіне тән қызығы мен сейіл-серуені бар. Соның ішінде қыс мезгілі де өзіндік кіршіксіз аппақ қарымен, қаһарлы мінезімен, сықырлаған аязымен ерекше. Бұл мезгілде адамдар табиғаттың құпиясын, ерекше бір ұмытылмас сәттерін тамашалайды. Қара жердің бетін басқан аққұба ару сияқты үлпілдеген ақ ұлпа қар айналаға сән бергендей. Әркім бұл мезгілді асыға күтетіні рас. Бірі шаналарын арқалап, биік жоталарға, таулы қыраттарға бет түзейді. Дала төсінде қолдан сырғанақ жасайтын қызықты кездерде өз алдына бір бөлек әңгіме. Қолдарына шана сүйреген балалар, жүздері күлкіге толы адамдар барлығы бейне бір қыстың суығын емес, оның жылы нұрын, ыстық тартар сәулесін тауып алғандай қуанады. Даланың табиғаты тып-тыныш қалпынан, маужыраған күйінен серпіле түскендей күйде. Алатаудың сілемдері мен биік жоталарындағы қыс көріністері көздің жауын алады. Басында қашанда қар жататын қарт Алатау ару Алматының көркіне көрік қосып тұрғандай көрінеді. Ақындар жырға қосқан, әншілер әнге қосқан Алатау қыс мезгілінде ерекше сұлу ғой, шіркін! Қыс мезгілін тағы да асыға күтуіміздің бір себебі - Жаңа жыл. Сірә, бұл мейрамды еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін күтетіні айдан анық. Бүлдіршіндер аппақ қардан аққала жасап, шырша безендіріп, аяз ата мен ақша қарды көруге асығады. Барлығы ақ тілектерін білдіріп, сыйлықтарын береді. Қылышын сүйретіп жеткен қаһарлы қыстың бізге берер қызығы мен қуанышы көп. Осындай естен кетпес оқиғаларға толы қыс мезгілін керемет деуге толық негіз бар. Қыстың ғажайып ұмытылмас шақтары адам жанына шуағын шашып, нұрын төге түскендей, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.
Толығырақ: https://massaget.kz/okushyilarga/shyigarma/22691/ Материалды көшіріп басқанда Massaget.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз
Толығырақ: https://massaget.kz/okushyilarga/shyigarma/22691/
Материалды көшіріп басқанда Massaget.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз