Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды. Үсті-басы ақ қырау, түсі суық, Басқан жері сықырлап, келіп қалды. Дем алысы - үскірік, аяз бен қар, Кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды. Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып, Аязбенен қызарып ажарланды. Бұлттай қасы жауып екі көзін, Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды. Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда, Алты қанат ақ орда үй шайқалды. Әуес көріп жүгірген жас балалар, Беті-қолы домбығып, үсік шалды. Шидем мен тон қабаттап киген малшы Бет қарауға шыдамай теріс айналды. Қар тепкенге қажымыс қайран жылқы Титығы құруына аз-ақ қалды. Қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр, Малшыларым, қор қылма итке малды. Соныға малды жайып, күзетіңдер, Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды! Ит жегенше Қондыбай, Қанай жесін, Құр жібер мына антұрған кәрі шалды.
Қыстың желтоқсан жұлдызы. Қар көптен жауып, нағыз қыс болды. Күн әбден қысқарған. Күннің көзі көрінсе де жылынбайды. Өзенді, көлді мұз қаптап, жұрт үстімен жүре бастады. Қалың қардан шөптің басы көрінбейді. Қыс күні аяз күшті болып, үскірік борандар да аз емес. Орман қарайған, ішінде қүстарды көре алмайсың, қоян күндіз жасырынып, түнде ғана жүгіріп жас ағаштарды кеміріп жүр. Иелері жылы қораға шөп салып бағып-қақса да, қысты күні үй хайуандарына да бапсыз. Адамның өзі де суықтан қорғанып үй салып, жылы киім киіп, үйлеріне от жағып, дәйім жұмыстарынан қала алмайды. Қыстыгүні жылқышыларға бек қиын: қандай суық борандарда күні-түні далада жүргені, қасқырдан бір қорқып, бораннан екі қорқып, бейшараларда тіпті рақат жоқ. Жалтаң аяз көбінің беттерін қарыған. Шилі бет байғұстар желге де қарсы қарай алмайды. Сабаққа мезгілімен жүретін баланың да ертеңгі аяз есінен көпке дейін шығатын емес.