Бегабат Ұзақов Жантаза» (әңгімеден үзінді)
Екі күннен бері орта бойлы, төртбақ денелі, қалың қабақты, қарасұр жігіт торы
атпен желдіртіп келеді. Бес қаруын түгел асынған. Қызылқұмның жұмақ көркіне қызыға
көз тастап келе жатқан жасы әлі жиырмаға тола қоймаған жігіттің кеудесіндегі елдің
тірлігі де үнемі осындай мамыражай кеше берсе ғой деген арман ұлғая түсті.
«Тіршілік неткен тұрлаусыз еді! - деген ой келді оның қиялына. – Айналаны
көріктендіріп тұрған мына раң, қызғалдақтар құралайдың салқыны өткен соң күнге
күйіп, желге ұшарын білмейді-ау! Адамдар солай, тайталасып өтеді. Күреспесең,
ғұмырың қамшының сабындай қысқа. Тосыннан келген дүлей күш сындырып кеткенін
байқамай да қаласың...»
Болатын бала он төртінде бас болар. Кеудеде жолбарыс жүрек соғып тұрған кезде
ер жігіт үйінде бұғып жата алмас. Сыр бойындағы қалың елдің қамын жеп, жас күнінен
атқа қонып, ақ найза ұстады. Он жетіге толар-толмас кезінде айрандай ұйып отырған елге
оңтүстіктегі ала шапандылардың әскері киліге кіріп, ойран салды. Жекпе-жекте бас
батырына найза қадап, аттан аударды. Ел тізгінін ұстағандар екі тарапқа жалтаңдап
ашырқаған халқын тойдырудың орнына, алқымын толтыруымен әлек. Жағдай бұлай
жалғаса берсе, тұлымды ұл - құлға, бұрымды қыз - күңге айналарын сезген бұл жігіт
араздасқан ағайынды жарастырып, елді біріктіруімен әуре. Арал, Сырдың кейбір
салаларына бөген құрып, егіншілікпен айналысуға үндеді.
Егіншілікті үйретудегі мақсат – шашыраңқы елді жинау. Біріккен жұртты жау жеңе
алмайды. Мұны түсінгендер Сырды сағалағанымен, малына малданып, қырды жағалап
кететіндер де бар. Қай-қайсы да басына іс түскенде әскері бар болғандықтан бұған
келеді. Оның самсаған қалың қолы бар, жүздеген жігітті машықтандырып, жау шапса,
лап қоюға дайындап қойған. Таса жердегі әскери жаттығуларда шыңдалған жігіттер
былайғы кезде өз тірлігімен айналыса береді.
2-тапсырма
Мәтін не туралы екенін бір сөйлеммен жауап бер.
Атам сыйға тартқан құлын.
Менің мүшел жасыма ауылдағы атам құлын тарту етті. Мен ойланбастан құлынға Сұңқар деген есім бердім. Сұңқар секілді қырағы және жылдам болсын деп қойған едім. Жалыны мен құйрығы да, түр-тұлғасы да қоңыр түсті. Тек маңдайында ғана ақ түсі бар. Кірпіктері ұзын, ал көздері ботаның көзі секілді. Жалыны бұйралау келген. Тіпті тұяғы да әдеміше.Мен бұл құлынды баптап келешекте нағыз жүйрікке айналдырамын.Өзінің шапшаңдығымен де, сұлулығымен де менің Сұңқарым өзгелердуі басып озатынына сенімдімін.
Бірінші байлық – денсаулық дейміз. Бірақ осы сөздің салмағын, жүктер жауапкершілігін көбіне сезбейтін де, мойындамайтын да сыңайлымыз. Айтылған сәтте көңілімізге қонады, құлағымызға жағады. Келісеміз. Сонсоң өзіміз ауа жайылып жүре береміз. Сөйтіп күндердің күнінде бір арылмас дертке шалдығып санымызды соғамыз. "Жалған – ай!” деп көкірегіміз қарс айырылып, өмірден түңіле бастаймыз.
"Тәннен жан артық еді, - дейді Абай атамыз - тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ біз олай қылмады, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүрген еді. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік, жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілмен қарамадық, көңіл айтып тұрса сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргеннен-ақ тойдық…”
Тәннен жан артық… Билік жанда ғой. Бірақ ғұмырымыз аз ба, көп пе… кеше, бүгін, шамасы ертең де билік жанда емес тәнде Пендешіліктен тәнді тоғайтып, сөйтіп аурулар қатарын молайтып жүрген жай бар. Тым болмаса, жан мен тән бірлігін, ара қатынасындағы бірлікті неге сақтамасқа? Біреу үшін емес, өзің үшін, отбасың, өзіңсіз толайым болмайтын көкірегің үшін.
Денсаулық - тән, рухани және әлеуметтік игіліктің жиынтығы. Денені үнемі ширықтыру, шынықтыру, сананың сапа деңгейін көтеру, интеллект өрісін биіктету, рухыңды шыңдау - бәрі де денсаулыққа қызмет етеді десек қателеспейміз.