Әке – асқар тау.Отбасында әкенің орны бөлек. Әке – сол шаңырақтың бар ауыртпалығын көтеретін, асырап-бағуға да, жақсы тәлім-тәрбие беруге де міндетті адам. Әке – бала үшін асқар тау. Әке қамқорлығы дегеніміз – отбасы мүшелерін әртүрлі пәле-жаладан қорғап отыратын қасиетті ұғым. Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау баланың парызы болмақ. Ақын Жарасқан Әбдірашевтың әке десе – ауылы, ауыл десе – әкесі есіне оралатын перзенттік жүрегі дамылсыз соққан. Қашан да қамқор болған сан үмітке, Өтермін сақтауменен салтыңды әсем. Көнбей ме көңіл шіркін кәрілікке, Өкпелеп қалмайсың ба «қартым” десем! Ақын үшін, «бір ауылдың бәйтерегі» – өмірдің ащы-тұщысын халқымен бірге татқан әкесі. Сондықтан ол әкеден алатын тәрбие де салиқалы болмақ. Әке – ұрпақтың панасы, үйдің басшысы, әрі тәрбиешісі. Ол тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршысы, ел ағасы. Өмірге келген баланың әрбір сәтті қадамы әке үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш болмақ. Сондықтан да әке ақылымен жүру, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешу баланы тек жақсы болашаққа ғана әкеледі. «Әкеге бағыну – аллаға бағыну» депті Мұхаммед пайғамбарымыз. Демек, әкені ренжітпей оның айтқанының үдесінен шығып отыру әрбір перзенттің басты парызы екен. Ақылы мен пайымы терең аналар балаларын үнемі әкесін сыйлап, құрметтеуге бейімдеп отырады. «Әкең ренжіп қалар», «Әкең жіберсе, бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», «Әкеңнің керегін дайында» деп әкеге құрмет, қызмет етуге баланы жасынан дайындап отырса, мұндай отбасында әрдайым тәртіп, ынтымақ пен бірлік болуы сөзсіз. Әке ұл-қызын намысшылдыққа, елі, руы, қала берді өз бауырлары үшін еңбек етіп, өмір сүруге баулып отырады. Әкенің мейірімі мен талап қойғыштығының, еңбеккерлігінің бала тәрбиесіне ықпалы көп.
Менің елім тау мен тасына дейін қасиет тұнған киелі мекен. Ұлан-ғайыр даланы мекендеп, көшіп-қонып жүрген бабаларымыз ұлттық өнер мен мәдениетті қалыптастырған. Ұлы даламыздан өркениет дамып, күллі әлемге тарағанын Елбасымыздың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласынан білуге болады. Қанша ғасырды ,қанша қиындықты басынан өткерсе де халқымыз сол асыл мұрасын жоғалтпай келеді. «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі!» деген Елбасымыз айтулы мақаласында. Өткенді білмей болашаққа қадам басу елсіз жерде адасқанмен бірдей. Елбасымыз 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Жастар жылының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде жастар өз отанын мақтан етіп қана қоймай оның тарихын жақсы білу керектігін баса айтты . «Жастық шақтың күш-қайратын егемен еліміздің өркендеуіне жұмсай беріңіздер!» деді . Сондықтан, тарихымызды танып, оны өзгеге де таныта білу, еліміздің дамыған елдермен терезесі тең болуына атсалысу біздің, яғни Ұлы Дала перзенттерінің борышы деп білемін!