Үйлену Тойы — жігіттің некелесуіне байланысты өз үйінде ұйымдастыратын той-думаны. Мұны кейде келін түсіру тойы деп те атайды. “Үйлену” деген атау еркектің әйел алып үйлі болуына, жеке түтін түтетіп, отау тігуіне байланысты қалыптасқан. Дәстүрлі қазақ қоғамында ұзатылатын қызға міндетті түрде отау (киіз үй) тігіп беретін, яғни жігіт әйел алып, неке құрумен бірге үйлі болып бөлінетін. Сондықтан да осы қуанышқа байланысты ұйымдастырылатын мереке Үйлену тойы деп аталған. Оның барысында түрлі жосын-жоралғылар (қ. Беташар; Той; Салт-дәстүр) жасалып, тойшылар рухын, көңіл-күйін көтеретін бәсеке, сайыстар, сауық думандар өткізілген (қ. Ұлттық ойындар). Қазақ халқының ұлын үйлендіріп, қызын ұзатуда ғасырлар бойы желісін үзбей жалғасып келе жатқан өзіндік салт-дәстүрлері бар. Олар ұрпақ болашағын, келешегін ескеруден туындаған. Ата-ана екі жасты үйлендірмес бұрын жігіт қалыңдықты туыстық араға жеті ата салып іздестіруін, жастарының ерекшелігін ескеріп отырған. Үйлену тойы алдында құда түсіп, жаушы жіберген. Құда түсу, ұрын тойын өткізген. Құдалар бір-біріне есік көрсеткен. Қалың малын алып, жасауын берген. Қыз ұзату тойынан кейін Үйлену тойы, яғни келін түсіру тойы өткізілген. Ауыл әйелдері жасаулы көштің алдынан шашу шашып қарсы алған. Кімде-кім көш бастар түйенің бұйдасын қабылдап алып ауылға жетектеп енсе, “мұрындық апа” атанып, тиісті сыйлығын алған. Ауыл адамдары жүкті түсіріп, ақ отауды әке үйінің оң жағына тігеді. Мұнда жас отау шаңырағын көтеруге балалы-шағалы, төңірекке жақсы атағы жайылған салиқалы ана таңдалады. Отау дайын болған соң, ауыл шетінде хабар күтіп тұрған келінді шымылдықпен бүркемелеп, ана-енесінің үйіне түсіреді. Жас келінді босағадан оң аяқпен аттатқызып, үш рет сәлем бергізеді. Ошақтағы отқа май құю рәсімі жүргізіледі. Келінді қарсы алған қыз-келіншектерге түрлі сыйлықтар (жүзік, білезік, т.б.) үлестіріледі. Қонақтарға табақ тартылып, ақсақалдар бата бергенде ақ отауға сыбаға жіберіледі. Жас келін оны сәлем етіп қабылдайды. Беташардан соң сауық-сайран басталады. Тойдан соң құдаларға киіт кигізіп, ат мінгізіп құрметпен шығарып салады.
Қазақ халқы – салт - дәстүрге өте бай халық. Ал салт - дәстүрге бай болу елдің мәдениетті әрі тәрбиелі екенін айғақтайды. Жалпы салт - дәстүр деген не, соған тоқталып өтейік. Салт - дәстүр – ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани және мәдени азық. Біздің халқымыз өз ұрпақтарын қасиетті салт - дәстүрмен, өнегелі әдет - ғұрыппен, ырым - тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей тәрбиелей білген. Б. Момышұлы «мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен жауынгерлік қасиетті тәрбилеуде ұлттық дәстүрдің маңызы зор екеніне көзім жетті» деп жазады. Бұдан отаншылдық, ерлік, мәрттік, жомарттық, адамгершілік қасиеттердің бәрі салт - дәстүр арқылы даритынын түсінуге болады. Яғни, салт - дәстүр адамды адастырмас тура жолмен жүруге, жөн - жосықты біліп, үйренуге және өмірде қолдануға үгіттейтін мызғымас заң іспетті десек те болады.