Қазақ отбасындағы әже орны ерекше әрі қадірлі. Әже - отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайын- абысындардың бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі. Қазақ қоғамында әдетте жас отау иелерінің тұңғыш баласын әжесі бауырына салады. Бала ата-әженің кенжесі саналып, немерені әжесі тәрбиелеп, бағып-қағады. Әже мен немере арасындағы туыстық байланыс өте нәзік әрі берік. Әже тәрбиесі арқылы бала жақсы-жаманды ажыратып, үлкен-кішіні тани бастайды. Мінез-құлық, тіл тәрбиесі қалыптасып, бала үй шаруасына бейім, елгезек тілалғыш, мейірімді болып өседі.