Кіші атамыз (бәріміз Әлім атаны солай атайтынбыз) шынында да нағыз ғұлама. Үйіне қашан барсам да қолында кітабы, сәлем алып, қысқаша жөн сұрасқаннан кейін қайтадан өз кәсібіне икемделген соң, ақырындап бөгет жасамайық деген сыңаймен шығып кететінбіз. Бірақ ауыз үйде Биғайша апамыз шай жасап күтіп отыратын, жарықтық. Кіші атам шайға кейде ғана келетін, көбінесе апаммен сұхбаттасып, шай ішіп үйден разы болып аттанатынбыз. Себебі, мен де, өзге туыстар да кіші атамның үйін қасиетті деп санайтынбыз, бұл бір. Екіншіден, бұл Сексенбай бабамыздың шаңырағы деп есептелетін. Өткен-кеткенде кіші атамның үйіне арнайы барып сәлем бермеу, мен үшін әдепсіздік. Әкем осылай деп менің санама әбден құйып тастаған. Өз тарапымнан кіші атамды ерекше жақсы көремін, ол араб, парсы тілдерін жетік меңгерген әрі кісі емдейтін қасиеті бар ерекше жан. Мен өз атам Есімнің інісі Әлімнің қатар өмір сүрген кездерін ғұмырымның сәулелі күндері, жылдары деп анық айта аламын. Себебі, олар заманының кемеңгерлері еді. Бұл жұрт пікірі, менің оған алып-қосарым жоқ. Ағайынды екеуі елдің ырысы да, құты да еді.