Қос сөз – қосарлану немесе қайталану арқылы бір ұғым ретінде жасалған сөздер. Қос сөздер мағыналық, тұлғалық жағынан әр түрлі. Жасалу тәсіліне қарай қосарлама және қайталама қос сөз болып бөлінеді. Қосарлама қос сөз өзара мәндес немесе қайшы мәндес сөздердің қосарлануынан жасалады. Мысалы, ата-ана, салт-сана, құрт-құмырсқа, ер-тоқым (мәндес қос сөз); күні-түні, азды-көпті, үлкенді-кішілі, ертелі-кеш (қайшы мәндес қос сөз). Қайталама қос сөз бір сөздің қайталанып айтылуынан жасалады. Мысалы, сөйлей-сөйлей, төбе-төбе, қолма-қол, жекпе-жек. Бірқатар қос сөздердің екінші сыңары жеке қолданылмайтын, мағынасыз сөздер болып келеді. Мысалы, оқта-текте, анда-санда, ырың-жырың. қос сөз дефис арқылы жазылады. Сөздердің қосарлануы, қайталануы нәтижесінде жалпылау, жинақтау, топшылау, болжалдау, мөлшерлеу секілді грамматикалық мағыналар үстеледі, жаңа мағыналы сөздер туады.
Міне, қыркүйек туды, күз келді. Күн қысқарып, түн ұзарды. Аспаннан бұлттар қаптап, сіркіреп жаңбыр да жауып тұр. Күн сирек көрініп, аз жылытады. Анда-санда таңертең салқын болып қояды. Өткір суық жел арық малды, жұқа киімдіні тоңдыра бастады. Жұрт күземін алған, киізін де басып алды. Маса, шыбын, құрт-құмырсқа жоқ болып кетіпті, құстар да жылы жаққа ұша бастады. Қарлығаштар көптен көрінбейді. Аспанда тырналар да тізіліп ұшып барады. Ағаштардың жапырақтары сарғайып түсіп шөптер де қурап қалған. Егіншілер астығын жинап алып, шашындыда әр жерде ғана жаңбырға сарғайған шошақтар тұр, оларды де иелері тасып алуға шана жолын күтіп отыр. Ел тегіс биесін ағытып, пысық қатындар желі-ноқтасын кептіріп алды. Жаз күні көп байлағаны есіне түсіп, қымызшыл шалдар арық құлынын жаңа аяп отыр. Ер азамат қыстауды түзеп, кемпір мен шал, борбай балалар от басында отыр. Жаз рақат болса да, киіз үйдің күзді күні суығы-ай! Әне-міне дегенше күз де келді. Оны мен күнтізбеден ғана емес, ауа-райынан байқадым. Күн лезде суытты, ертең тіпті қар жауады деген болжам да бар. Көрерміз... Ауа райының өзгеруі адамдардың көңіл-күйіне қаншалықты әсер етеді екен. Бәлкім терісі қалың, тоңмойын адам суықты да, жапырақтардың сарғайып құлап түсіп жатқанын да елемеуі де мүмкін. Бұл рухани тұрпайылық па, әлде күштілік пе? Бұл туралы өте көп ойлар айтуға болады. Дегенмен де өз басым соңғы кезде ғана ауа-райының өзгерістеріне, тек ауа райы ғана емес, жалпы дүниедегі, өмірдегі өзгерістерге назар аудара бастадым. Адам қандай болсын бірібір кез-келген адамның ойларында қазір күздің сарыны байқалады. Сөйтіп табиғат адамға осылай да әсер етеді екен-ау.