Жыл аяқталған сәтте спорт үздіктерінің есімдері белгілі болады. Біздің еліміздің әр аймағында облыстық спорт комитеттері жыл бойында өздерінің спортшыларының ұлттық құрама сапында шет ел ареналарында немесе өз ішіміздегі жарыстарда қол жеткізген табыстарын елеп-ескеріп, оларға сый-құрмет көрсетуде. Садық Мұстафаев басқаратын Қызылорда облыстық спорт басқармасы жыл қорытындысын өзгеше әдіспен шығарыпты. Яғни әр спортшыға жарыстарда қол жеткізген жетістігі үшін ұпай беріліп отырады екен. Шәкірті жүлдеге ілініп жатса, бапкерінің де еншісіне ұпай жазылады. Биылғы Сыр елінің үздік спортшысы, ауыр атлетикадан екі дүркін әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Илья Ильин атанды. Ильин – сондай-ақ спорт саласы бойынша «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты.