Кәде – қазақ халқының рәсімдік және ғұрыптық жоралғыларының жиынтық атауы. Кәде жасамау – дәстүрді сыйламау, яғни әдет заңын бұзу деген сөз. Кәделердің ережесі, әрқайсысының өз жасау тәртібі бар. Оны бұзуға болмайды. Кәдеге тоқтау жоқ, дәлел жүрмейді, сөз өтпейді. Кәде беру – міндет. Өйткені халық арасында «ат өлсе де, кәде өлмейді» деген атамыздан қалған аталы сөз бар. Той кәделері (тойбастар, сарқыт, байғазы, көрімдік, сүйінші, айттық, жыртыс, шашу, бата т.б.). Сондай-ақ, Құдалық кәделері, Күйеу кәделері, Балаға арналған кәделер мен Қаза кәделері бар. Оларға кейінірек жеке-жеке тоқталып өтеміз. Алдымен Той кәделерінен бастасақ. Той кәделері Тойбастар – қыз ұзату, үйлену т.б. тойларда айтылатын өлең түрі. Қазақтың қай тойы болмасын, «тойбастар» жырымен басталады. «Тойбастар» айтқан адамға жақсы сыйлық беріледі. Той бастардың негізгі мазмұны – тойдың салтын дәріптеу, той иесі қызды мақтау, той жасаушылардың жақсы тілеуіне үн қосу. Сарқыт – тойдан, айт мейрамынан ырымдап кәмпит, құрт сияқты дәмнен алып, үлкен кісілер (негізінен әйелдер) үйдегі балалары мен келіндеріне әкеліп ауыз тигізеді. Сол сияқты үлкен табақтан қалған етті де «сарқыт» деп, оны да жастар үлкен кісілердің жолын, абыройын берсін деп ырым қылып жеген. Бұрын «сарқыт қайтады» деп келіндер үлкендердің табағын әдейі күтіп отыратын болған. Қазақ салтында сарқыттың ырымдық әрі тәрбиелік дәстүрлік маңызы зор. Байғазы – қазақ дәстүрінде үлкеннің кішіге, негізінен балаға беретін сыйлығы. Байғазыны, көбінесе, жасөспірім балалар, бойжеткен қыздар, бозбалалар жаңа киім кигенде, жаңа зат алғанда ағалары мен жеңгелеріне, әпке, әке-шеше, жанашыр жақын туыстарынан сұрайды. Үлкендер Байғазы (ақша, малдың төлі, т.б.) берумен бірге құтты болсын айтып, ізгі тілек білдіреді. Көрімдік – қазақ салтында жаңа киім киіп, мүлік aлғанда, жаңа үйге кіргенде, жетістікке қол жеткізгенде туған-туысқан, жора-жолдастарының жасайтын кәдесі. Жаңа туған балаға, жас келінге, ботаға тағы басқа алғаш көрген сәтте көрімдік сұрау халықтың ежелгі және лайықты дәстүрі. Мұның маңызы алып, беруде ғана емес жақын-жуықтың адамгершілігін, ниетін, ашыққолдығын да танытудың белгісі ретінде қаралады. Байғазы мен көрімдік екеуі екі басқа ұғым. Көрімдік адамға, жандыға, байғазы көбінесе жансыз дүниелерге қатысты айтылады.
Көшпелілік — көшпелі халықтардың тарихи қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық даму жүйесі, шаруашылық-мәдени типі. Біздің заманымыздан бұрынғы екі мыңыншы жылдықта еуразиялық және афроазиялық аридтік аймақта қалыптасты. Көшпеліліктайпалық одақтар құрылған кезден-ақ өнім өндіру шаруашылығы ретінде орнығып, эволюциялық жолмен дами бастады. Көшпелілер мал жаюдың тәсілдерін жетілдіре отырып, игерілмей жатқан жерлерді пайдаға асыруға қолайлы жағдай туғызды. Әрдайым көшіп-қонуға дайын отырған дала көшпелілері үшін мал күзету, аң, балық аулау, егін егу тұрмыстың дағдылы машығына айналды. Көшпелілік отырықшылар мәдениетімен тікелей өзара байланысты болды, өйткені олар Шығыс пен Батыс елдері арасында делдалдық рөл атқарды. Еуропалық қоғамда зат иелену мен азаматтық қатынастар шешуші қызмет атқарса, көшпелілерде туысқандық, рулық байланыстар аса құнды болып есептелінді. “Ата қоныс” ұғымы көшпелілер үшін қасиетті болды. Қоршаған орта киелі таулардан, өзендер мен көлдерден, аруақтар жатқан молалардан, т.б. тұрды. Көшпелілер уақыт пен кеңістікті игере отырып, климатерекшеліктерін ұтымды қолданады. Мысалы, Қазақстанда ерте заманнан бері Арқаның теріскейіндегі орманды-далалы алқапты, оңтүстік-шығыстағы таулы өңірді — жайлау, ал оңтүстік және орталық аймақты қыстау ретінде пайдаланды. “Құрғақ даланы, — дейді ағылшын тарихшысы, социолог Арнольд Джозеф Тойнби — тек бақташы ғана меңгере алады, бірақ сол далада тіршілік етіп, табыстарға жету үшін ол өзінің шеберлігін тынбай жетілдіре беруге міндетті, ол ерекше адамгершілік және парасаттылық қасиеттерді қалыптастырады”. Көшпелі өмір, төрт түлік мал, жер-ана барлығы жинала келе көшпелілердің материалдық игілігін, дүниетанымын қалыптастырып, төл мәдениетін жасады. Көшпелі өмір тіршілігіне сай қара күшке мығым, қиыншылыққа төзімді, құбылмалы табиғат жағдайына тез икемделгіш, ат үстіндегі алыс сапарларды қайыспай көтеретін дала перзенттері, жан-жақты жетілген адамдар қалыптасты. Дала көшпелілерінің ақынжанды болуы, ой-қиялының жүйрік болып келетіні көшпелі тіршіліктің арқасы еді. 19 — 20-ғасырларда, әсіресе еуропалық зерттеушілер арасында көшпелі халықтардың рухани өмірі мен дүниетанымы жүйесіз деп танылып, олардың адамзат өркениетінің дамуына қосқан рөлі төмендетіліп, оған қатысты жабайылық, тағылық секілді орынсыз пайымдаулар айтылды. Алайда, ғылыми негізделген дәйектер көшпеліліктің отырықшы өркениет елдерінің шаруашылығынан, қоғамдық билік жүйесінен, мәдени бітімінен ешбір кем емес екендігін дәлелдеп отыр.☆☆☆☆Қиын болмас ,маған тіркелініз.Көмекке дайынмын☆☆☆☆