.Алдаркөсе — қазақ ауыз әдебиетінің кейіпкері, ақылды айлакердің, зерделі қудың жиынтық бейнесі. Алдаркөсе өзінің асқан айлакерлігі арқылы мұратына жетіп отырады. Оның мақсаты – сараң байды, пайдакүнем саудагерді, озбыр ханды, т.б. әжуа ету. Мысалы, ол асқан сараңдығы үшін халық Шықбермес Шығайбай атаған байдың асын ішіп, атын мініп, қызын алады; алыпсатар саудагердің алдынан өгіздерін айдап кетеді; оның бұл әрекетін халық айыптамайды, қайта құптап, қошеметтеп отырады. Өйткені, Алдаркөсе әділетсіз билік иелерінен қиянат, қорлық көрген қарапайым халықтың өкілі.